Жарияланды: 12.11.2018

Отбасылық бизнесті бастау оңайырақ

Бизнес бастау оңай емес. Көп адам жүрексінеді. Десек те, басқаларға қарағанда отбасылық бизнестің табысты болатыны шетелдерде әлдеқашан дәлелденген. Бүтін бір отбасы мүшелерінің бәрін жұмыспен қамтып, табыс табуына мүмкіндік беретін кәсіптің бұл түрі облысымызда да өркен жайып келеді.

Сайрамдық жеке кәсіпкер Әлімжан Ирисметов биыл банктен 4 млн. теңге несие алып, өз алдына бір кәсіп бастауды мақсат етіпті. Қазір қорасындағы малы 15 сиырмен толыға түскен. Бизнес саласын қалай өркендету керектігі туралы арнайы оқу курстарына қатысып, өзінің білімін жетілдіріп жүрген жайы да бар.

Кәсіпкер сиыр сүтін «ФудМастер» компаниясына өткізеді екен. Одан артылғанын жұбайы қаймақ, құрт және ірімшік жасап, базарға шығарады. Сайрам ауданында отбасылық кәсіпті нәсіп етіп отырған осындай отбасылардың көп екені бізді қуантады.

Сала мамандары мал шаруашылығында биылғы 9 айда 28,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілгенін айтады. Жалпы, қазіргі таңда ауданда 205190 ірі қара мал, 71689 жылқы, 98809 қой мен ешкі бар. Мал бордақылайтын орындардың да қатары күн санап артып келеді.

Мәселен, Манкент ауыл округінде орналасқан «Нұрым Групп» ЖШС-нің мал бордақылау алаңын өңірдегі ең ірі жобалардың бірі деуге болады. Оның құны 3,5 млрд. теңгені құрайды. Нысанның құрылыс жұмыстары биыл сәуір айында басталған болатын. Қазір аяқталуға жақын.

Әзірге мұнда Шығыс Қазақстан облысынан әкелінген 1200 ірі қара мал бар. Шаруашылық меңгерушісі Кенжалы Айтуов жыл соңына дейін олардың қатарын 10 мыңға жеткіземіз дейді.

Айта кетейік, бұйыртса, мұнда жем шығаратын цех пен мал сою алаңы да іске қосылмақ.

 

1 304 қаралым