Облыста өткізілген өнерлі жастар байқауына 4 пен 19 жас аралығындағы жеткіншектер қамтылды және оған ұзын ырғасы 170 балғын қатысты. Жеткіншектердің барлығы да өнерлі. Бірі көркемсөз оқудан бағын сынаса, енді бірі математикалық сауаттылығын сынға салды. Ғалымжан Бекболатов – «Дарабоз» қоғамдық қорының жетекшісі: — Қазақ өнерден ешқашан кем болған емес, сол өнерді ары қарай дамытып, мына жастарды өнер білімге баулуымыз қажет. Міне осындай мақсатта қолға алып отырмыз, — дегенді айтты. Бұл байқаудың өзге сайыстардан ерекшелігі бар, бұл жерде балалардың өнеріне шектеу жоқ. Кім қай өнерге қабілетті, соны көпшілікке көрсете білуі қажет. Облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылған додаға өнерпаздар мейлінше жоғары дайындықпен келген. Жас балғындар жүрек тебірентіп ән шырқап, көрерменнің көңілін көтерді.
Екі күнге созылған сайыс қорытындысымен қатысушылар 13 номинация бойынша жүлделі сыйлықтар мен дипломдарға қол жеткізді. Бас жүлде және бірінші орын иегері Республикалық байқауға жолдама алды. Енді олар Алматы қаласында өтетін додада Түркістан облысының намысын қорғайды.