Жарияланды: 26.11.2018

Жақсылыққа жаны құмар жастар

Созақ ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығы КММ-нің бастамасымен Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылында тәрбиеленіп жатқан Созақ ауданының төрт жасөспіріміне құрмет көрсетілді. Диар, Дидар, Нұрайлым Мадияровтар Созақ ауданы Қыземшек кентінде дүниеге келген. Ал, Толғанай Масалиева Шолаққорған елді мекенінің тумасы. Бес жылдан бері балалар Т.Тәжібаев атындағы ауылында тәрбиеленіп келеді.
Төрт баланы қыстық киіммен қамтыды. Сонымен қатар сол жердегі тәрбиеленушілерге сыйлықтар мен тәттілер үлестірді. Ал,Созақ ауданы мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашты. Өз кезегінде тәрбиеленушілер де аянып қалған жоқ. Өнерлерін ортаға салды. Созақтық Диар Мадияров жерлестеріне жүрек жарды лебізін білдірді. Ол өз сөзінде: «Сіздерге айтар алғысым шексіз. Бізді елеп-ескеріп келгендеріңізге өте қуаныштымын. Мен өз туған жерімді жақсы көремін,сағынып жүрмін. Сіздерді көріп сағынышым басылғандай болды. Мен сіздермен біргемін, жерлестер!»-деді. Түрлі ұлт өкілінен құралған алпыстан аса балаға ана болып отырған Меруерт Сүйіндікова ханымға,Жеңісәлі Бақытжанұлы өз рахметін айтып, сый-сияпатын жасады.

1 206 қаралым