Жарияланды: 23.11.2018

Отырарда «Қазақтың келіндері-ай» байқауы өтті

Қазақта «Келіні жақсы үйдің керегесі алтыннан», «Келін – үйдің құты» деген аталы сөздер бекерден-бекер айтылмаған. Өйткені әулеттің көркеюі мен өсуі босағаны оң аяғымен аттап кірген жас келінге байланысты. Жөн-жосықты білетін, көркіне ақылы сай келін — бір әулеттің мақтанышы, отағасының мерейі. Мұндай жаннан ұлағатты ұрпақ тарайды. Отырар аудандық мәдениет сарайында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында халқымыздың тарихы мен мәдениетін құрметтеу, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттау. Қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, ізеттілік және ісмерлік пен тапқырлықты дәріптеу мақсатында өткізіліп отырған “Қазақтың келіндері-ай” атты аудандық байқауы болып өтті. Байқауға 13 ауыл округі бойынша 12 келін қатысты.
Байқауды Қазақстан Республикасының Мәдениет үздігі, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Е.Үмбет ашып, келіндерге сәттілік тіледі. 
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен қасиет бойынан табылған келіндер қазақтың әдет — ғұрпы мен салт — дәстүрі, тағам түрлерін әзірлеу, ісмерлік пен қолөнер шеберліктерін насихаттау мақсатында өткен байқауға Халық ақыны. «Парасат»орденінің иегері Қалыбекова Әселхан Әлшеріқызы. Білім саласының ардагері, зейнеткер ұстаз Үмбетова Шәрипа Икрамханқызы, Шәуілдір а/о әйелдер кеңесінің төрайымы, Тұрлыбекова Мейрамкүл Полатқызы қазылық етті. Қазылардың шешімі бойынша қатысушыларға төмендегі жүлделі орындар белгіленді. Байқаудың бас жүлдесін Балтакөл а/о Бердіқұл Қазына келініміз қанжығаласа, І-орынды Көксарай а/о Құдайбергенова Лаура, ІІ-орын Маяқұм а/о Өмірбаева Ырыскүл, ІІІ-орын Шәуілдір а/о Алишова Айгерім, ІІІ-орын Аққұм а/о Құдредулдаева Нұржамал, «Парасатты келін» номинациясымен Отырар а/о Дәулетбекқызы Аягөз, «Инабатты келін» номинациясымен Шілік және Темір а/о Ержанова Құндызай, Сүлейменова Ұлжан марапатталды. Байқауға қатысушы келіндерге диплом және бағалы сыйлықтар табысталды.

1 232 қаралым