Жарияланды: 12.12.2018

Жамандылықтан тыйылып, жақсылыққа ұмтылуға шақырды

Отырар аудандық орталық кітапханада кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Д. Құрманбекұлы атындағы колледж студенттері арасында «Ислам дінінің асыл құндылықтары» атты тақырыпта ауыл имамымен кездесу кеші болып өтті. Кешті кітапхана қызметкері М. Шәріпбекова жүргізіп отырды. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкері Ф. Сихымбаева «Діні қуатты елдің – іргесі берік болады» атты тақырыпта арнайы дайындалған баяндамасын оқыды. Кеш барысында «Тәйтелі ата» мешітінің имамы Мақсат Бестемірұлы Сұлтанқұлов арнайы шақырылып, жастарға дін туралы ұлағатты әңгімелерін айтты. Ауыл имамы: «Ислам діні – ұлтымыздың басты рухани және ел болып, тамырымызды тереңге жаюымыздың негізі, ата – бабамыздың ұстанған, қастер тұтқан жолы ретінде құрметке лайық. Ислам діні – адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиюды, адамзатқа игілік пен адалдық жолында күресуді мұсылмандық борыш санайды» — деп, ислам дінінің құндылықтары туралы көптеген әңгімелерін айтып, студенттердің қойған сұрақтарына жауап берді. Кеш соңында кітапхана қызметкерлері арнайы жасалған кітап көрмесімен таныстырды.

981 қаралым