Жарияланды: 27.11.2018

Отбасын сақтап қалу — жас жұбайлардың тәрбиесіне байланысты

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысының аудан, қалаларында ұйымдастырылып жатқан «Дәстүрлі құндылықтар керуені» мәдени-рухани көшпелі жиыны Отырар ауданында жалғасын тапты.
Тұрғындарының мәдени және рухани сезімдерін қалыптастыру, деструктивті діни ағым жақтастарын, әсіресе соның ішінде жастарды, жас отбасыларды қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімдеу және мемлекет пен дін арасындағы зайырлылық ұстанымы бойынша халықты жан-жақты ақпараттандыру мақсатында ұйымдастырылған кездесуге насихаттық топ мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері мен мәслихат депутаттары, ауыл тұрғындары мен жастар қатысты.
Жиынды аудан әкімі Ерлан Айтаханов ашып, Елбасымыздың жуырда ғана жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен дәстүрлі Жолдаулары жөнінде баяндады.
– “Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деп көрсеткен Ұлт Көшбасшысының терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласы қалың бұқараны ерекше серпілтіп тастады. Тылсым тарихтың жеті қыры өткенімізді тарих тұғырынан бағамдап, терең зерделеуге, оның күрмеулі түйінін шешуге жол ашты, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, тура жолға бастаған дінімізді, ділімізді, мәдениетімізді құрметпен қарауға шақырды.
Ұлы даламыздың ғаламат мәдениеті мен дініне, руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Қожа Ахмет Ясауи, оның ұстазы Арыстанбаб бабаларымыздың ізгі жолынан бүгінгі ұрпақ адаспауы тиіс.
Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі дініміз жөнінде арнайы дайындалған бейнероликті тамашалаған жиынға қатысушылар дін, мәдениет жайлы ақпараттар алмасып, пікір бөлісті.
Шара барысында діни ағым жетегіне ермеу, тарихи құндылықтарға құрметпен қарау, отбасы татулығы мен баянды болашағы, ұрпақ тәрбиесі жөнінде кеңінен сөз болып, қариялар да өз ақылдары мен ойларын бүкпесіз ортаға салды.
Бүгінгі таңда бақытты отбасын сақтап қалу ең бірінші кезекте жас жұбайлардың тәрбиесі мен саналы жауапкершілігіне тікелей байланысты болса, ақылды, санасы сергек ұрпақ өсіріп жетілдіру де еліміздің кемелді келешегі үшін ең басты үлес екендігі де айтылды.
Отырыс барысында облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары Мәди Әбзелбекұлы, Отырар аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мырзахмет Темірбековтер бабалардан мирас болып қалған дәстүрлі құндылықтар мен асыл дініміз ислам жөнінде ойларын ортаға салды.
Тәрбие мен тағылымға толы кездесулер бұған дейін де ауданда тұрақты түрде ұйымдастырылып келген. Елге белгілі ақын-жазушылар, абыз ақсақалдар және ақ жаулықты аналармен кездесіп, сыр-сұхбат алмасу, өмірі мен өнегесіне үңіле отырып, даналық пен ізгі жолды насихаттау шараларының берері мол болғандықтан үнемі жалғасын тауып отырмақ.

1 045 қаралым