Жарияланды: 20.06.2018

Облыс орталығы Түркістанда жүзеге асырылар жобалар көп

Кеше ғана Түркістан облыс орталығы болып бекітілді. Енді шоқтығы биіктеген облыс орталығының экономикалық әлеуеті де артатыны сөзсіз. Еліміздегі ең ірі сауда-саттық қаласы саналатын Түркістан әрі арзаншылығымен де аты әйгілі еді. Тұрғындары еңбекқор, ала жаздай кетпенін күнге сүйдіріп, белі бүгіліп егін алқаптарында еңбек ететін түркістандықтар кәсіпкерліктің де көзін тапқан. Дәл қазіргі уақытта Түркістанда 13 мың 44 шағын және орта бизнес нысаны тіркелген. Осы салада маңдай терін тамшылатып жүргендер облыс қоржынын толтыруға да қомақты үлес қосуда. Кәсіпкерлер 35 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Рухани астанамызда 263 мыңнан астам тұрғын тіркелсе, соның жартысына жуығы экономикалық белсенді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандары өткен жылмен салыстырғанда, 100 пайызға артып отыр. Бұл ретте экономист мамандар негізгі 3 секторда жандану байқалғанын айтады. Өңірде жыл басынан бері 1 миллиардтан астам теңге табыс түсірген туризм саласына ерекше мән берілмек. Әсіресе инфрақұрылымдық және логистикалық жобалар жүзеге асырылатын болады. Бекзат шағынауданындағы индустриалды аймақта жобалық құны 11028,1 млн. теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылмақ. Бүгінгі таңда 6 кәсіпорын мемлекеттік қабылдаудан өткен. Нәтижесінде 240-қа жуық жұмыс орны ашылып, 1,3 млрд. теңге инвестиция тартылды.

1 031 қаралым