Жарияланды: 13.11.2018

Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтармен «Сезім көзді – сергек жандар» атты кездесу болып өтті

13 қараша зағиптар күніне орай көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтармен «Сезім көзді – сергек жандар» атты кездесу болып өтті. Елімізде бұл мереке 2011 жылдан бері мерекеленіп келеді. Аудандық зағиптар қоғамының мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда бұл қоғамның 120-дан аса мүшесі бар. Жыл сайын кездесулер ұйымдастырылып, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар арасында шығармашылық көрмелер, өнер байқаулары ұйымдастырылып тұрады. «Ясмин» дәмханасында өткен кездесу барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Р.Қалдарбеков құттықтау сөз сөйлеп, отбасыларына амандық, денсаулық тіледі. Өмірде көз ғаріптігінен, көңіл соқырлығы жаман. Сондықтан, зағип жандардың өмірге құштарлығы, қиындыққа мойымаған рухы үлгі боларлықтай. Сондай-ақ, кездесу сәтінде аналар кеңесінің төрайымы Айсұлу Күзембаева, аудандық зағиптар қоғамының төрайымы Лаура Әбілдаева, көзі көрмейтін және әлсіз көретіндерге арналған кітапхана меңгерушісі М.Әжіқұлова сөз сөйлеп, жиналған жандарға демеушілер есебінен сыйлықтар таратылды. Бұл басқосудан рухани азық ала білген мүмкіндігі шектеулі жандар, аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары Ф.Қарабалаева, Г.Сатымбековалар дайындаған концертті көтеріңкі көңіл-күймен тамашалады.

1 217 қаралым