Жарияланды: 14.01.2019

Енді дәрігер болғысы келгендер психологиялық тесттен өтеді

Психометриялық тестілеу болашақ дәрігердің психологиялық мүмкіндіктері мен икемділіктерін анықтауға бағытталған. 

Елжан Біртанов қабылдау кезінде студенттерге қойылатын талаптардың күшейетінін айтты, деп хабарлайды abctv.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
«Келесі жылдан бастап болашақ дәрігерлердің психологиялық мүмкіндіктеріне қосымша емтихандар және студенттерді міндетті сыртқы бағалау жүйесі енгізіледі. Яғни, оқу барысында және аяқталғаннан кейін студенттер бағаланады, ал дипломдар ЖОО-ның қалауы бойынша емес, сыртқы бағалау нәтижелерінің негізінде берілетін болады», — деді Елжан Біртанов.

 

Психометриялық тестілеу болашақ дәрігердің психологиялық мүмкіндіктері мен икемділіктерін анықтауға бағытталған. Студенттің адамгершілік қасиеттеріне, қарым-қатынас дағдыларына, сабырлылығына, салмақты дене еңбегіне қабілеттілігіне назар аударылады.

 

«Бұл – өте маңызды іріктеу. Бұл – әлемдік тәжірибе. Аталған жұмыстарды сапалы дәрігерлерді даярлап, келешекте ең жақсы нәтижелерге қол жеткізу мақсатында іске асырып отырмыз», — деді министр.

 

ҚР ДСМ медициналық ЖОО-лардың, колледждердің түлектерінің және медицина қызметкерлерінің біліктілігін тәуелсіз бағалау жүйесін одан әрі дамыту мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына интернатура және резидентура түлектерін, медициналық колледждер түлектерін тәуелсіз бағалау бойынша министрліктің құзыреттілігін бекіту тұрғысынан ұсыныс әзірледі

 

Министрдің айтуынша, бұл бағалау нашар білім беретін ЖОО-ларды анықтауға мүмкіндік береді. Одан кейін олар лицензияларынан айырылады. ҚР ДСМ ұсынатын тағы бір өзгеріс — медицина қызметкерлері міндетті сертификаттаудан 5 жылда бір рет емес, үш жылда бір рет өтетін болады.

 

Пилоттық тестілеу нәтижесі студенттердің 95%-ы қажетті білімді алып жатқанын көрсетті. Дегенмен, практика кезінде алған білімдерінің бір бөлігін ұмыта бастайды. Елімізде бес жылда бір рет медицина қызметкерлері — барлық дәрігерлер, медбикелер өтетін міндетті сертификаттау бар. Олар өздерінің білімдері мен тәжірибелік дағдыларын дәлелдеп отыруға міндетті. Жаңа кодекс аясында әрбір үш жылда сертификаттауды өткізіп тұру ұсынылған.

1 331 қаралым