Жарияланды: 17.03.2019

Қазақстанның педагог-психологтарына арналған call-орталық құрылады

Педагог-психологтарға қолдау көрсететін республикалық call-орталық құрылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлім еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат
Оның айтуынша, мектептегі психологиялық қызметті жақсарту мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталық базасында Мектеп психологтарының қызметін үйлестіру орталығы және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының базасында Психология және жас физиологиясы орталығы құрылған.

Аталған орталықтардың қызметінде мектеп психологиясы қызметін әдістемелік сүйемелдеуге зерттеу жүргізу, қамтамасыз ету, балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып оқу бағдарламасын енгізу көзделген. Қазіргі уақытта министрлік педагог-психологтардың жұмысына қолдау және білікті көмек көрсету бойынша республикалық call-орталық құру мәселесін қарастырып жатыр», — делінген Парламент Мәжілісінің ресми сайтында жарияланған А.Маминнің жауабында.

Айта кетейік, 30 қаңтарда Мәжілістің бір топ депутаты сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа ресми сауалмен жүгініп, әрбір психолог жұмысына қатысты білікті көмек ала алатын республикалық call-орталық құруды ұсынған болатын.

1 143 қаралым