Жарияланды: 23.06.2018

«Ырыстың» арқасында ырысы артып отыр

Бүгінде Түркістан облысындағы «Ырыс» микроқаржы ұйымы көптеген жобаларды қаржыландыруда. Қаржы ұйымынан қаржылық қолдау көрген көптеген кәсіпкерлер бүгінде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы арқылы да өз кәсібін өрге өрлетіп отыр. Жуырда аталмыш ұйым «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында аймақтардан жиналған жастардың бизнес жобасын талқылау жиынын өткізді. Жастардың бизнес бастамаларын қолдап, жобаларын одан әрі дамыту мақсатында ұйымдастырылған шара аясында несие комитеті құрылды. Оның құрамына «Атамекен» ҰҚП ОҚО бойынша филиалы, облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Оңтүстік» АИО, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты ОҚО бойынша филиалының қызметкерлері енді. Түркістан облысының бірқатар аудандарынан келген 9 қатысушы түрлі жобаларды таныстырды. Бірі қазақтың ұлттық бұйымдарын жасайтын шеберхана жасасам десе, енді бірі үштілділікті қолдау мақсатында ауылдан тілдерді оқыту курсын ашуды жоспарлап отыр екен. Тағы бірі тігін цехын, сүлікпен емдеу орталығын, жарнама агенттігін құруға ниетті. Созақ ауданынан келген Ж.Жаңбырбаев баламалы энергия көзі арқылы желдің күшімен су алмақ. Ерекше жоба ұйымның қаржылай қолдауына ие болды. Бұдан басқа да жобалармен танысқан сарапшылар ұсынған жобаларының маңыздылығын ескеріп, 7 азаматқа жеңілдетілген несие беретін болып шешті. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Айта кетейік, құрылғанына биыл 9 жыл толатын «Ырыс» микроқаржы ұйымы 2009 жылдан бастап осы уақытқа дейін жалпы сомасы 30,8 млрд. теңгені құрайтын 16 351 жобаны қаржыландырған. Оның 96,3 пайызы ауыл шаруашылығы өндірістік кешенін дамыту үшін берілген.

1 005 қаралым