Жарияланды: 30.11.2019

Көлік жуу орнын жалға алған анаға көмек көрсетілді

«Менің кәсібім» — республикалық жоба. Жобаның мақсаты — табысы аз, көпбалалы отбасыларға және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және өз ісін ашуға қолдау шараларын көрсету. Бүгін «Менің кәсібім» жобасы жалғыз өзі 5 баласымен жалдамалы үйде тұрып жатқан Аманкүл Пірімбетоваға қуаныш сыйлады. Аманкүл қиындыққа қарамай, балаларын бағу үшін бар күшін сарп етіп, өзі тұрып жатқан үйінің маңайындағы автожуу бекетін жалға алған. Бірақ, бекетке қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі оның кәсібін ары қарай дөңгелетіп алып кетуіне қол байлау болған. Жобаға қатысуға өтініш берген Аманкүлге көлік тазалайтын шаңсорғыш, 100 дана қолқап 50 дана шелек , 100 дана дәке, 2 дана карчермашка аппараты, химиялық тазалау шаңсорғышы тарту етілді. Қуаныштан көзіне жас алған Аманкүл осындай игі істер үшін ел басқарып отырған азаматтарға, Шымкент қаласының басшылығына, жоба авторына, қолы ашық кәсіпкерлерге шынайы алғысын білдірді. Жалпы, Шымкент қаласында 30-дан астам отбасы аталған жоба қатысушысы ретінде тіркелген.

846 қаралым