Мемлекет басшысы «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берген болатын. 2017-2031 жылдар аралығын қамтитын бағдарлама аясында алдағы 15 жылда 1,5 млн қазақстандық отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады деп жоспарлануда. «Нұрлы жер» бағдарламасының артықшылығы – жер алу кезегіне құжат тапсырған әрбір өтініш иесіне тегін жер телімі беріледі. Біріншіден, жер телімінің көлемі – 10 соттық болмақ. Екіншіден, онда инфрақұрылымдық жүйе толығымен тартылады. Үшіншіден, мемлекет жер берумен ғана шектелмей, тұрғын үйге арналған жерге үй салып беру жобасын да жүзеге асырмақ. Мұндай үйлер жергілікті атқарушы органдар арқылы жер кезегінде тұрғандарға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі арқылы ұсынылатын болады. Елімізде баспаналы болуға ниет білдірушілер саны күн санап артуда. Шымкентте тұрғын үй кезегіне 30 мыңнан астам өтініш тіркелсе, жер телімін алуға өтініш білдіргендердің саны 90 мыңнан асып жығылады. Бүгінде Шымкент алып құрылыс алаңына айналды. Алдағы уақытта баспаналы болатындардың қатары арта түспек.
Жарияланды: 01.12.2019