Биыл шымкенттіктердің баспаналы болып, бақыттан басы айналатындардың қатары артқалы тұр. Шымкенттегі құрылыс қайнаған «Нұрсәт» шағынауданы бүгінде «Пахтакор» шағынауданына дейін созылып, алып құрылыс алаңына айналды. Мұнда 9 қабатты зәулім үйлер салынуда. Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында тұрғын үйлерді салудан бөлек, тұрғын үйді сатып алу да қарастырылған. «Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа әлеуметтік бастамасы аясында көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2-3 пайызбен тұрғын үй беру көзделген. Сол үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» өз тарапынан жұмыстар жүргізіп, шешу жолдарын қарастырып жатыр. Мәселе оң шешілген жағдайда «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған кредиттік тұрғын үйлер 2-3 пайызбен беріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы «Адия» тұрғын үй кешенінен сатылмаған 146 пәтерді сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл үйлерді кезекке тіркелген азаматтарға беру жоспарланған.
Жарияланды: 01.12.2019