Шымкентте Алматы айналма тасжолын қайта жөндеу жұмыстары барысында жолды кеңейту 7 кезеңге бөлінген. Биылғы бірінші кезеңінде Қ. Төлеметов және Әл Фараби көшесіне дейінгі аралықта құрылыс жүргізіледі. Ол 2,5 шақырымды құрайды. Нәтижесінде ені 38 метрге дейін кеңейтіліп, алты жолақты жолға айналады. Бұрын бар болғаны 12 метрді құрап, көлік қозғалысы қиын болып келген.
Экономикалық маңызы бар «Қорғас -Алматы- Шымкент» тасжолымен тәулігіне 27 мың көлік қатынайды, деп хабарлайды «Отырар». Ені 9 метрлік ескі жолда талай кептеліс болып, жолдың кейбір бөліктері жарамсыз күйге түскен. Тас жолды кеңейтуді қолға алған мердігерлер жылдың соңына дейін бөлінген қаражаттың 90 пайызын игерулері тиіс. Сала мамандарының айтуынша келесі жылы тек жол жиектерін көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жаңа жолға тротуар мен жарық шамдар орналастыру қаралған.
Бақтияр Нарымбетов, мердігер мекеменің өкілі: «22 техника, 30 жұмысшы бар. Қазір жер жұмыстарын жасап жатырмыз. Дөң жерлерді алып, топырағын сай жерге тастап жатырмыз». Халықаралық маңызы бар жолдың құрылысына 1 млрд. 700 млн. теңге қаралған. Жаңғыртудың келесі кезеңдерінің жобалық құжаттары жасалып жатыр.