Жарияланды: 03.12.2019

Алғашқы айналымға миллион теңге

Айтжан Әбдіқадырұлы биыл «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында білімін жетілдірді. Осыдан бір жыл алдын «Донер тағам» өндірісін ашқан.  Кейіпкеріміздің алға қойған мақсаты — кәсібін дамыту. «Донер тағамы — Түркия мемлекетінен келген, — дейді Айтжан. — Қазіргі таңда бұл тағам түрі елімізде сұранысқа ие. Ол жылдам әрі тез дайындалады. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлерге түскі ас мәзіріне өте тиімді. Қазір «Донер тағам» өндірісінде шаурма, доннер-лаваш дайындаймыз. Алдағы уақытта «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының көмегімен тағы да қосымша питца, бургер, чикен деген тағамдарды қоссақ деп отырмыз. Мен бұл кәсіпті былтыр жаз айында бастадым. Алғаш ашқанымда 1 миллионнан астам қаржы жұмсалды. Жалға алып, ақшасын келісіп, жөндеу жұмыстарын жасадым. Шымкент қаласынан қымбаттау болды. Алматы қаласындағы Яллан базарына барып, арзан бағалармен қажетті аппараттарды сатып алып келдім. Жұмысшылардың айлығынан бөлек 150-200 мың теңге табамын. «Донер тағамда» екі қыз ауысып жұмыс істейді. Алдағы уақытта орындықтарды келушілерге ыңғайлы етіп ауыстырсам деймін. Кәсібімді кеңейтуді көздеп отырмын. Осы кезге дейін қыр-сырын толық меңгердім. Басында аздап қорқыныш болды. Сұраныс бар ма, жоқ па деген секілді. Қазір сұраныстың бар екеніне көзіміз жетті. Қорқудың қажеті жоқ екен. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» дейді ғой.
Кейіпкеріміздің екі бірдей дипломы бар. Колледжді — программист, университетті есепші-экономист мамандығы бойынша бітірген. Колледжді аяқтаған соң алғашқы жұмысын жақын ағасы Талғат Әбдіқайымұлының «Әліби» аксессуарлық дүкенінде бастады. Жеке кәсіпке сол кезден бастап үйреніпті. Телефон жөндеп, фотограф болды. Кейіннен мемлекеттік жұмысқа қызығушылығы пайда болып Нұр-Сұлтан қаласына кетіпті. Онда екі жылдай жүрді.
 Тәуекел деп бастап кеттім. Жөндеу жұмыстары бітіп, қажетті заттарды әкеліп қойғасын, арнайы маманды іздедім. Қарабұлақтан бір өзбек ағайынды шақырдым. Күніне 4-5 мың теңге беріп, бір айдың ішінде мол тәжірибе жинақтадым. Үйреніп алғасын рахметімді айтып шығарып салдым. Қазір бәрі жақсы. Таңғы 9-дан түнгі 12-ге дейін есігіміз ашық.
Кейіпкеріміздің әкесі жеке кәсіпкер болған екен. Анасы үй шаруасында. Отбасында үлкен ағасы және қарындасы бар. Ол ендігі кезекте маркетинг ісін меңгеруді ойға алыпты. Ауданымызда осындай еңбегімен танылып жүрген жастарды көргенде қуанып қаласың. Кәсібінің нәсібін көрген оны алда үлкен жетістіктер күтіп тұрғанына сенімім мол. Тек ерінбей еңбек ете білсе болғаны. Арман-мақсаттарың орындала берсін, Айтжан!

 Батырәлі ЖҮРСІНБЕК,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

767 қаралым