Жарияланды: 04.12.2019

Шымкентте 25 отбасы азық-түлікпен қамтылды

Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқармалар бүгінде игілікті істерге мұрындық болып келеді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйытқы болуымен қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтар азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Жалпы қала бойынша 25 отбасыға бір айлық азық-түлік табыс етілді.

Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы және «MEYIRIM.KZ» қайырымдылық қоры үш жақты меморандум түзген еді. Оның аясында әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы қайырымдылық көрсетіледі.

Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов қайырымдылық акциясының маңыздылығына тоқталып, 25 отбасының мүшелеріне арнайы сертификатты табыс етті.

– Акцияның бір мақсаты – мүгедектердің әлеуметтік қорғалуына бүкіл қоғамның, мемлекеттік органдардың назарын аудару. Жалпы, қайырымды қала тұрғындары ретінде, азаматтық көмек қолымызды созу – әрбіріміздің міндетіміз. Мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалуда. Nur Otan – халықтың партиясы. Осы жұмыстарды үйлестіру үшін 3 жақты меморандум түздік. Енді бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Мүгедектерді ортаға бейімдеу үшін көптеген жобалар қолға алынуда, – деді Бахадыр Мәделіұлы.

Қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру мақсатында қоғамдық қор арнайы порталды іске қосты. Енді қаладағы осындай іс-шараларды «MEYIRIM.KZ» сайты реттеп отырады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

775 қаралым