Жарияланды: 05.12.2019

ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТ

ЮНЕСКО Шығыстың ғұлама ойшылы әрі ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын және Шымкент қаласының негізі қалануының 2200 жылдығын келесі жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөнінде арнайы қарар қабылдады.  Үшінші мегаполис үшін үлкен мәртебе болып табылатын шараға дайындықтар басталып кетті. Қолдау ретінде түрлі шаралар өткізілуде. Күні кеше Шымкент қаласы Т.Тәжібаев атындағы №47 тарихи-гуманитарлық мектеп-гимназиясында ұлы ойшыл, ғалым Әбу-Нәсір Әл-Фарабидің туғанына 1150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Әл-Фараби және әлемдік өркениет» тақырыбында аймақтық конференция өтті. Білім ордасы фойесінде «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен ғұламаның өмірі мен ғылыми мұрасынан сыр шертер кітаптар мен зерттеулерді қамтитын кеңейтілген кітап көрмесі жасақталып, оқырмандарға ұсынылды. Конференцияда сөз алған тарихшы ғалымдар қатарынан ОҚМПУ-нің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Б.Қ.Исабек, ОҚМУ-нің Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Г.Сыздықова, «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының магистрі А.Оралова, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Э.Алпысбаева ұлы ойшылдың өмірі мен ғылыми мұрасы жайында баяндама жасап, «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры орынбасары Г.Алпысбаева, Шымкент қаласы білім басқармасының әдістемелік орталығы маманы Ә.О.Ибраева ғұламаның гуманистік көзқарастарына талдау жасады. Іс-шараға тарихшы ғалымдар, тарих пәнінің оқытушылары мен Шымкент қаласы білім басқармасының әдістемелік орталығы қызметкерлері, жастар мен БАҚ қатысты. Шара соңына қарай оқушылардың орындауында «Отырар кітапханасы» көрінісі тамашаланып, патриоттық әндер шырқалды. Келер жылғы мәртебелі мерейтойға дайындық басталып кетті.

1 117 қаралым