Жарияланды: 14.02.2020

М. Әйтенов тұрғындарға есеп берді

Шымкент қаласындағы «Түркістан» салтанатты сарайында қала әкімі Мұрат Әйтенов 2019 жылы атқарылған жұмыстар бойынша тұрғындарға есеп берді.

— Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанды.Биыл Шымкенттің 2200 жылдық мерейтойы өтеді. Оны ЮНЕСКО-ның мерейтойлар тізіміне енгізу туралы ұсыныс берілді.

Президент өз Жолдауында әкімдерге халықты мазалайтын проблемаларды жедел шешуді тапсырды.

Осы мақсатта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша көп жұмыс істеу қажет. Инфрақұрылым, баспана, білім және медицина, қауіпсіздік саласы да назардан тыс қалмайды, — деді қала әкімі.

М.Әйтенов 2019 жылы ауқымды жұмыс атқарылып, мақсатты индикаторларға қол жеткізілгенін айтты.

Өнеркәсіп өнімі 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өсті.

Ауыл шаруашылығы өнімі 6,3 пайызға, жаңа тұрғын үйлер 19,2 пайызға, ал, бөлшек сауда 7,1 пайызға көбейді.

Республика бойынша индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда.

Шымкентте бағдарлама аясында 3 жылда 24 кәсіпорын ашылды. 1300 тұрақты жұмыс орны пайда болды.

Қазір қалада 2 индустриялды аймақ бар. Бірақ, онда бос жер жоқ. Электр қуаты жетпейді. Газ қысымы төмен.
Бұл проблемалар өндірісті дамытуға кедергі келтіреді. Осы мақсатта алдағы 3 жылда жаңадан 2 индустриялды аймақ ашылады, деді әкім.

Қалада инженерлік инфрақұрылым өзекті мәселе. Қала әкімі оның бірнеше себебі бар екенін айтты. Халық саны жедел өсуде. Жаңадан 41 елдімекен қалаға қосылды. Магистралды жүйелер жоқ.

Әкім осының бәріне қарамай инфрақұрылым барынша дамытылатынын айтты.

Атап айтқанда, жолдардың өткізу қабілетін көтеру үшін 13 магистралды жол қайта құрылады. 2 үлкен жолайырық пен 5 көпір салынады.

Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 айналма жолы, №1 автожол, Адырбеков көшесін қайта құру, Әл-Фараби көшесінің жалғасын салу жоспарлануда.

— Қазір қаланың солтүстік шағын аудандарында ауыз су құбырының қуаты жетіспейді. Проблеманы шешу үшін 3 магистралды құбыр салу қажет.

Қаладағы 81 елдімекеннің 63-і ауыз сумен толық қамтылған. 10-ы жартылай. 8 елді мекен тасып ішеді. Қамтылуы 94,7 пайыз.

Биыл қалалық бюджеттен 441 млн. теңге қаралды. 8 елдімекенді сумен қамтитын 2 магистралды құбыр құрылысы басталады. Қазір мердігер анықталуда.

Сонымен қатар шеткі 5 елдімекенді сумен қамтитын магистралды құбыр салынуда.
Нәтижесінде суды тасып ішетін 8 елдімекеннің мәселесі толық шешіледі.

Алдағы 3 жыл ішінде жартылай қамтылған 10 елді мекеннің проблемасы да шешімін табады. Қалаға жетіспейтін 90 шақырым магистралды су құбыры да тартылады, — деді М.Әйтенов.

Кездесуде тұрғындар өздерін мазалаған мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындардың сауалдарына толық әрі жан-жақты жауап беруде.

964 қаралым