Жарияланды: 20.02.2020

Шымкентте биыл 227 тұрғын үйдің құрылыс жүргізіледі

 

Шымкентте алдағы 3 жылда 32 816 пәтерлі 652 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Оның ішінде биыл 12 117 пәтерлі 227 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Жоспар бойынша 4 640 пәтерлі 89 тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Айта кетсек, 2019 жылы Шымкентте 524 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өсімі жағынан республикада алғашқы үштіктің қатарында. Жалпы өткен 3 жылда 1,3 млн.шаршы метр тұрғын үй салынды.

Соның ішінде өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 2 836 пәтерлі 53 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 450 көпбалалы отбасы, 242 халықтың әлсіз топтары, 904 жастар баспанамен қамтылды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов халыққа есеп беру кездесуінде де айтты.

— Шымкентте тұрғындар санының жылдам өсуіне байланысты баспана мәселесі өзекті болып тұр. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне 140 мың азамат тіркелген. Оның ішінде 5 мыңы көпбалалы отбасылар. Осыған байланысты биылдан бастап тұрғын үй құрылысы қарқынды жүреді, — деген еді қала әкімі.

Еске сала кетсек, биыл тұрғын үй құрылысы бойынша Шымкент Сити, Тұран, әкімшілік-іскерлік орталығы аумағы негізгі құрылыс алаңы болмақ.

791 қаралым