Жарияланды: 16.03.2020

2020 жылы Қазақстанда ана мен баланы қолдауға 693 млрд. теңге қарастырылған

 

Бүгінгі күні Қазақстанда Ана мен баланы қолдаудың ұлттық моделі негізінде 8 мемлекеттік жәрдемақы және 3 төлем түрі қарастырылған. Олар ішінде бала күтімі бойынша төленетін жәрдемақылар мынадай;

2020 жылы бірінші, екінші, үшінші баланың туылуына берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 100 738 теңгені құрайды, ал төртінші және одан да көп балаға 167 013 теңге төленеді. Үстіміздегі жылдың 1 наурыздағы жағдай бойынша 45 904 адамға жалпы сомасы 5,3 млрд. теңге көлемінде жәрдемақы төленді.

Жұмыс істемейтін ата-аналарға бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін мемлекеттік жәрдемақы 2006 жылдан бастап қарастырылған. Аталған жәрдемақы түрі отбасының табысына қарамастан тағайындалады және оның мөлшері төртінші балаға дейін артып отырады (бірінші балаға – 15 270 теңге, екінші балаға –18 054 теңге, үшінші балаға – 20 811 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға – 23 594 теңге). Жыл басынан бері жалпы сомасы 5,8 млрд. теңгеге 138,8 мың адам бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы алды.

Жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілікке және босануға байланысты табысынан айрылған жағдайда төлемдер 2008 жылдан бастап қарастырылған. 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 37,5 мың адам 14,7 млрд теңге сомасында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төлем алды.

956 қаралым