Жарияланды: 06.07.2018

Инновациялық әдістің пайдасы мол

Түркістан облысына қарасты Шардара ауданындағы шаруалар жыл сайын ақ алтыннан мол өнім алып жүр. Биыл да өнім де, табыс та толағай болады деген үміт басым. Осындай игі жұмыстардың барысымен Шардара ауданына жасаған пресс-тур барысында БАҚ өкілдері танысып қайтты.  «Иіржарагро» ЖШС-не қарасты егістік алқапты аралаған жұмысшы топ инновациялық тамшылатып суару әдісімен егілген 300 гектар мақталық алқапта болды. Адам күшін толықтай техникамен алмастыратын бұл тәсілдің ерекшелігі – шаруалар мол өнімге қол жеткізеді. Айталық, былтырғы жылы осы шаруашылық әр гектарынан 55 центнерден ақ ұлпа жинаған. «Орта есеппен алатын болсақ, былтыр ауданда мақтаның орта өнімінің көлемі гектарына 28,4 центнерді құраған болса, осы шаруашылықтың өзінде бұл көрсеткіш 55 центнерге жетті. Яғни, инновациялық технологияны енгізудің арқасында бір шаруаның өзі екі есе өнімге қол жеткізіп отыр. Осынау әдістердің тиімділігін және ұтқырлығын жергілікті басқа да шаруаларға түсіндіріп, насихаттап келеміз. Соның нәтижесі болар, биыл «Иіржарагро» ЖШС-нан бөлек, тағы да үш шаруашылық тамшылатып суғару әдісіне көшіп отыр», — деді аудан әкімі Болатбек Қыстауов. Инновациялық әдістің мол өнім алуға септігі зор. Аудандағы өзге де шаруашылықтар алдағы уақытта осы тәсілді қолданып өнім өндірмек.

 

1 113 қаралым