Түркістан облысына қарасты Шардара ауданындағы шаруалар мақта шаруашылығынан көш ілгері тұр. Жыл сайын ақ алтыннан мол өнім алып жүр. Биыл да өнім де, табыс та толағай болады деген үміт басым. Шардара ауданындағы «Иіржарагро» ЖШС-не қарасты егістік алқапты аралаған жұмысшы топ инновациялық тамшылатып суару әдісімен егілген 300 гектар мақталық алқапта болды. Жалпы, Шардарада ауыл шаруашылығы бойынша 243 мың гектар жер болса соның 64 мың гектер жері суармалы. Суармалы жерлердің 60 мың гектарға жуығы толығымен игеріліп, 24 гектарға мақта егіліген. Елбасының суармалы жерлердің көлемін 600 мың гектарға көбейту тапсырмасы аясында да ауданда тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Оған мысал ретінде, Жаушықұм ауылдық округіндегі 12192 гектар жерді суғаруға мүмкіндіктің табылғанын айтуға болады. Ол үшін Сырдария өзенінен су тарту жұмыстары жүргізілуде. Оған «Қазсушар» республикалық мекемесі атсалысып келеді. Жалпы, осы жоба іске асқан жағдайда биыл аудандағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 30 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Тек қана Жаушықұм массивінен 500 мың тоннадан астам өнім өндірілмек. Соның нәтижесінде, жаңа жұмыс орындары ашылады деген болжам бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі