Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен төтенше жағдай кезінде азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық алушылардың тізімін жасады. Оған жалпы саны 500 мыңға жуық адамды құрайтын 4 санаттағы азаматтар енгізілген.
Атап айтқанда, еліміздің барлық аумағында атаулы әлеуметтік көмек алатын табысы аз отбасылардың, оның ішінде көпбалалы отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларына азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық ұсынылатын болады.
Бұдан бөлек карантин жарияланған аймақтарда азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық АӘК алатын отбасылардың ересек мүшелеріне, оның ішінде көпбалалы отбасыларға; барлық жастағы I және II топтағы мүгедектерге, сондай-ақ мүгедек балаларға; мүгедек баланы күтумен айналысатын ата-аналарға беріледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз орталығының хабарлауынша, азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтың құрамын жергілікті атқарушы органдар оларға бөлінген қаражат шегінде айқындайды.