Жарияланды: 31.03.2020

Шағынаудан тұрғындары да қала тазалығына үлес қосуда

Фото Н.Байбақ

Еліміздің  үшінші  мегаполисі атанған Шымкент қаласының әрбір тұрғыны бойына мәдени сауаттылығын қалыптастыра білуі тиіс. Кез-келген қала тұрғыны қаламыздың таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. Соңғы әлетте қаламыз көркейіп келеді. Шаһарда ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Саябақтардың саны да артып келеді. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Бүгінде көгалдандыру жұмыстарына да аса көңіл бөлініп, ағаштар отырғызылып, гүлдер егілуде. Айналаға қарасаңыз қаланың жасыл желекке көміліп қалғанын көруге болады. Жазы аптапты ыстық болып келетін Шымқала үшін көк өскіннің алар орны ерекше. «Бір тал кессең, он тал ек” деген халық даналығын ескеріп, қураған ағаштардың орнына тал егілуде. Қала тазалығы, оның көркейіп-көгалдануы – барлық тұрғынға ортақ міндет. Көктем шыға әрбір тұрғын көшесіне тазалық жұмыстарын жүргізіп, дер кезінде күл-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызды. Бұған Солтүстік-Батыс шағынауданының тұрғындары да өз үлестерін қосты. Көшелерде бей-берекет шашылып жатқан қоқыстарды тазартып, көшет отырғызып, көшенің көркеюі үшін кішкене де болса өз үлестерін қосуда. Қаламыздың соңғы кезде заманауи үлгіде жаңарып, жасаруы, көшелердің, демалыс орындарының әсем безендірілуі қала жастарының өз туған шаһарларына деген сүйіспеншілігін арттырып отырғаны сөзсіз. Ендеше, әрбір тұрғын өзі тұрып жатқан мекеніне деген жауапкершілігін сезініп, жанашырлық  танытып, айналасын  тазалап, сенбіліктерге  белсене  қатысса, әрбір  аула, көше таза да  көрікті болары сөзсіз. Шымкенттіктердің мәдени сауаттылығын арттыру да кезек күттірмейтін мәселе. Ол үшін бала бақшадан, мектептерден баланы тазалықты сақтауға, табиғатты аялауға үндеуден басталса керек. 

807 қаралым