Бүгін Түркістан облысындағы аграрлық колледжінің бітіруші студенттеріне дипломдар табыс етілді. Оқу орынының 148 оқушысы колледж қабырғасымен қоштасса, оның 30-ы үздік бағаға аяқтап, қызыл диплом иегері атанып отыр. Түлектердің бітіру кешіне Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары М.Садықова, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы «Түркістан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» директоры Л.Искакова, «Амангелді» корпорациясының басшысы Нұрлан Құралов, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев, Түркістан облысы жылыжай қауымдастығының төрағасы Снабаев Мырзахмет Снабекұлы, «Ордабасы құс» холдингінің департамент басшысы Тағаева Бахыт Мұратқызы, Парасат колледжінің директоры Алтыбаева Маржан Мұталықызы арнайы қатысып, жас мамандарға ақ жол тіледі. Бүгінгі күннің өзінде бұл бітірушілердің 30 %-ы өздері тәжірибеден өткен жұмыс орындарында тұрақты жұмысқа орналасып үлгерген. Алдағы күндері Гаухар Алпысбайқызы бастаған колледж әкімшілігі бітірушілерді толықтай жұмыспен қамту үшін әлеуметтік серіктестермен қызу жұмыс жасап жатыр. Колледж студенттерінің бірнеше инновациялық жобалары ірі кәсіпорын иелерінің назарына да ілігіп үлгерді. Ол алдағы уақытта өңірімздегі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына үлес қосатыны сөзсіз. Бірнеше жылғы ізденіс пен еңбектің арқасында студенттер еліміздегі ең үздік 10 колледждің бірі саналатын Шымкент аграрлық колледжінің түлектері атанғандарына қуанышты. Қуаныш пен қимастыққа толы кеш соңында бітірушілер білім берген ұлағатты ұстаздармен қоштасу вальсін билеп, шара соңы мерекелік отшашуға ұласты.