Жарияланды: 01.04.2020

Жасыл қалаға айналмақ

Шымкент сияқты күн санап өсіп келе жатқан, индустриалды дамуға бет алған қалада экологиялық ахуал қашан да өзекті.
Иә, жергілікті билік қаланы көгалдандыру мен абаттандыру ісіне ерекше назар аударып келеді. Мәселен, Шымкент қаласы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі бойынша, өткен жылы қалада 16 168 түп ағаш пен 1 миллионнан астам гүл отырғызылған. Қазір шаһарда 125 көшені, Бадам, Қошқар ата өзендерінің жағалауын және «Асар» шағын ауданын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. 2020-2024 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасында көрсетілген мәліметтерге сәйкес, алдағы 5 жылда Шымкентте 3 тематикалық саябақ ашу жоспарланған. Мұнан бөлек қаланың солтүстік және батыс жағында Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесіне сүйене отырып жасыл белдеу құрылады. Оның аумағы кемінде 14 мың гектарды құрайды. Жалпы, алдағы 5 жылдықта 1 миллион түп көшет отырғызылып, Шымкент шын мәніндегі жасыл қалаға айналмақ. Мұның қала тазалығын сақтауда да ролі ерекше екені белгілі.  Десе, де қаланы көгалдандыру тек әкімдіктің міндеті десек, қателесеміз. Қазақстандағы үшінші қаланың гүлденуі – шымкенттіктердің патриотизмі мен белсенділігіне байланысты. Туған жерге, өз қаламызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – перзенттік парызымыз. Егер әрбір азамат өз үйінің іргесіне, ауласына немесе көшенің бойына көшет отырғызса тамаша болар еді.

«Шымкент келбеті»

812 қаралым