Жарияланды: 01.04.2020

Залалсыздандыру жұмыстарына демеушілер атсалысуда

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында орналасқан 672 көпқабатты үй, 2 244 кіреберіс пен 400 ойын алаңында дезинфекция жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде.

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов мәлімдеді. «Аудан бойынша дезинфекция жұмыстарын жалпы 14 сервистік кызмет көрсетуші мекемелер атқаруда. Айта кетейік, бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Залалсыздандыру жұмыстары демеушілердің есебінен жүзеге асырылуда», — деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, залалсыздандыру жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес арнайы мамандар жүргізеді. Жұмылдырылған азаматтар арнайы техникамен, қорғаушы костюм және арнайы шашу құралдармен қамтамасыз етілген. Қолданылып жатқан ерітінді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз.
Аудан аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған 192 қоқыс алаңшасына қызмет көрсетуші «ОрионНовТех» ЖШС-і және «ЭкоСпецТранс» ЖШС-і мекемелері тарапынан залалсыздандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде, — деді Ғ.Мәуленқұлов.
Аудан әкімінің айтуынша, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан қаланың 125 көшесінің ұзындығы 280 шақырымында залалсыздандыру жұмыстарын атқаруға 20 дана техника, 20 адам және 1148 аялдамалар мен урналарды залалсыздандыруға 12 техника, 35 адам жұмылдырылған.
Ауданда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 4 жұмысшы тобы құрылған. Оған тиісті құзырлы органдардың өкілдері кірген.
– Аудан аумағыдағы Shymkent Plaza, Mega Planet, ЦУМ және Береке атты 4 ірі сауда орталықтары жабылған. Ал, Акбар және орталық қырғы базарлардың жұмыс істеу уақыты шектелсе, Дархан базары толық жабылды. Жұмыс істеп тұрған базарлардың аумағында күніне 2 рет дезинфекция жасалуда. Сондай-ақ, базар әкімшіліктері саудагерлер мен келушілердің медициналық бетперде мен қолғап киюін және қолды антисептикалық өңдеуден өткізуін қадағалап отыр, – деді Ғабит Патшаханұлы.
Қазіргі таңда аудандағы 12 кәсіпкерлік нысан дене қызуын өлшегіш контактісіз тепловизормен қамтылған. Барлық кәсіпкерлік нысандарды осындай құрылғылармен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.
Аудан әкімінің айтуынша, 45 кәсіпкерлік нысаны өз еркімен жабылды.

Шымкент қаласының
төтенше жағдай
жөніндегі штабы

724 қаралым