Жарияланды: 07.07.2018

Жаңа міндет жүктеді

Түркістан облысының Төлеби ауданына жаңадан әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің, сондай-ақ, аудандық мәслихаттың келісімдері бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл қызметке Бауыржан Омарбековты тағайындады. Бұл жиын  бұған дейін ауданды басқарып, ауқымды шаруаларды атқарған Бұқарбай Пармановқа алғыс хат табыс етуден басталды. Ауданның экс-әкіміне сәттілік тілеген өңір басшысы жаңа  әкімді аудан активіне арнайы таныстырды. Жансейіт Түймебаев Бауыржан Омарбековке Төлеби ауданын дамытуға бағытталған бірқатар тапсырмалар жүктеді. «Ауданда тұрғын үймен қамту, ауыл шаруашылығын және туризмді дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Енді жаңа әкім осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп, сапалы түрде атқаруы қажет. Ең алдымен аудандағы индустриалды инновациялық даму бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуы тиіс жобаларды жоғары деңгейде жүзеге асыруды тапсырды. Бұл ең алдымен аудандағы экономикалық һәм әлеуметтік салалардың сауығуына септігін тигізеді. Өйткені экономиканың өрлеуіне үлес қосып, қазына қазанын қомақтыландырса, екіншіден әлеуметтің әлеуетін көтеруге де көптеп көмегін тигізеді. Осылайша ауданның жаңа әкіміне жаңа міндеттер жүктелді. Бұл салада жаңа басшының тәжірибесі мол. 2015-2016 жылдары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік,  индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған. Енді жаңа лауазымда аймақты өркендетуге ат салысуға бел буып отыр. Ауданда атқарылар шаруа көп. Халық алдында сөз алған Жансейіт Қансейітұлы жаңадан құрылған Түркістан облысының өркендеуіне Төлеби ауданы сүбелі үлес қосады, –деп сенім білдірді.

1 016 қаралым