Шымкентте саябақ атаулының сан алуаны бар. Дендросаябақ, этносаябақ ел игілігіне қызмет етіп келеді. «Қазына» этно-тарихи кешенінде орналасқан «Этносаябақтың» ел игілігіне берілгеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Жасыл желекке көмілген алып саябақ ұлттық құндылықтарды дәріптейтін орталық деуге де болады. «Этносаябақта» 20-дан астам тарихи-сәулет ескерткіштің макеті қаз-қатар боп тізілген. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи, Отырар, Баба түкті Шашты Әзіз, Кемеқалған әулие, Арыстанбаб, Үкәш Ата, Қарашаш ана секілді киелі орындардың көшірмесі тарихтан сыр шертеді. Көлеңкесі қою тал дарақпен көмкерілген саялы баққа келушілердің көпшілігін әуенмен мың бұрала билейтін субұрқақ қызықтырары сөзсіз. Жоғарғы жақта екі сарқырама бар. Биік текпешектерден қаланың ең биік нүктесі Бәйдібек би ескерткішіне көтерілуге болады. Мұнда ағаштардың 15-тен астам түрі отырғызылған.
Жарияланды: 02.04.2020