Шымкент қаласы тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі –Абай саябағы. Саябақ қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың құрметіне аталған. Саябақтың аумағында аллеялармен серуендеп, демалуға болады. Саябақта Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған аллея, үлкен даңқ мемориалы, ұшақ ескерткіші, субұрқақ, шағын сәулет нысандары бар. Алып саябақтың бір бұрышында көркемсурет галереясы орналасса, бір шетінде Абай мұражайы бар. Көк желекке оранған саябаққа тренажер алаңы, футбол, теннис алаңшалары орналасқан. Бір уақ демалып, спортпен айналысуға да мүмкіндік бар. Абай саябағын раушангүлдердің отаны деуге болады. Мұнда ісі жұпар аңқыған гүлдің сан алуан түрі отырғызылған. Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау дегенде осы Абай саябағы еске түседі. Тазалық бірінші орынға қойылған саябақтың қай бұрышына барсаңыз да қоқыс көрмейсіз.
Жарияланды: 02.04.2020