Жарияланды: 07.07.2018

Инфрақұрылым жүргізу тегін

Бүгінде өз алдына еншісін алып шығып, бөлек отау құрған Түркістан облысының даму дәуірі басталды. Өндірісі өрлеп, экономикасы қарыштап дамып келеді. Алдағы уақытта мүлдем жаңарған, жаңғырған жаңа дәуірге задам баспақ. Онсыз да өндіріс орындары экономиканы өрлетуге қарышты үлес қосып отырған болатын. Экономиканы өрлетуге өңірдегі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының қосып отырған үлесі қомақты. Бүгінгі таңда «Оңтүстік» индустриалды аймағында 85 кәсіпорын орналасқан. Олардың 51-і қазіргі уақытта нақты өнім шығарып жатыр. Биыл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны тағы үшеумен толықпақ. Алдағы уақытта жоспарланған жобалардың қарасы тіптен қалың. Индустриалды аймақтың кәсіпкерлерге ұсынатын жеңілдіктері көп. Ең алдымен жер телімі жалға өте арзан бағада берілсе, екіншіден, мемлекет тарапынан қажетті коммуникациялық-инфрақұрылымдық жүйелер кәсіпорын ғимаратына дейін тегін жүргізіледі. Сонымен бірге, коммуналдық төлемдер де анағұрлым төмен. Салыққа да біршама жеңілдіктер қарастырылған. Осындай жеңілдіктердің арқасында кәсібін өрге өрлетіп отырған кәсіпорындардың қатары тағы да арта түспек. Бүгінде мұндағы индустриалдық аймақта тоқыма өнеркәсібі саласында тер төгіп жатқан өндіріс орындары жетерлік. Кілем шығарып, жіп иіретін, картон бұйымдарын, пластик өндіретін, шұлық шығаратын кәсіпорындардың айдарынан жел есіп тұр. Шикізатқа тапқан табысының көп бөлігін жұмсайтын  зауыттар үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың көмегі көп болып тұр. Өз кезегінде зауыт иелері де жұмыс орындарын ашып тұрғындардың әлеуметтік ахуалын көтеруге көмек қолын созып отыр.

1 072 қаралым