Жарияланды: 04.04.2020

Ерекше еске түседі

Тарихы терең Шымкенттегі қала өркениетін көрер көзге ап-анық көрсететін сәулет ескерткіштері баршылық. Шымкенттегі көне сәулет ескерткіші дегенде, Ескі қаладағы «Жәми мешіті» ерекше еске түседі. Шымкент тарихын ғасырлар қойнауына сүңгітетін жәдігерлер – көне цитадель аймағы мен қала аумағындағы оба-қорғандар айналасынан табылған заттармен айғақталады. Бұлар – археологиялық ескерткіштер. Шымкенттің ең көне сәулет ескерткіші – Жәми мешіті дедік. Тұрғындар арасында «Ескі мешіт», «Қошқар ата мешіті», кейінгі кездері «Шыңғысбай Дәуітұлы мешіті» аталып жүрген мешіт қаланың сәулет ескерткіштері тізімінде осылай аталады. Жалпы, «Жәми мешіт» деген атау не мағына береді десеңіз, мұндай атаумен ортағасырлардағы Орта Азияның үлкен қалаларында жұма намазы мен айт намаздары ұдайы өткізіліп тұратын, діни рәсімдерде үлкен жамағат жиналатын, дін ғұламалары тұрақты ұстап отыратын ірі діни орталықтарды атаған. «Жәми» деген – «жамағат» деген сөз ғой. Мұндай атауды кез-келген мешіт иелене бермегенін ескерсек, Шымкенттегі бұл мешіт өз заманында осы аймақтағы ең ірі діни орталық қызметін атқарғанын аңғаруға болады. Тарихи ескерткіш жәдігер ретінде қамқорлыққа алынған.

894 қаралым