Жарияланды: 05.04.2020

Көгалдандыру жұмыстарын жандандыра түспек

Шырайлы Шымқаланы одан ары шырайландыра түсу мақсатында көптеген жобалар қолға алынған. Соның бірі осыдан бір жарым жыл бұрын «Жасыл қала» бағдарламасы қолға алынған болатын. Берері көп, тиімді тұсы одан да көп бағдарлама сәтті жүзеге асырылып келеді. Арнайы құрылған топ қаламызды көгалдандыру және  агро-ауыл шаруашылығы белдеуін дамытып, сақтау және әлемдік мегаполистер тәжірибесі бойынша бау-саябақ мәдениетін құру мақсатында жұмыс істеп келеді. Шымкентті көркейту үшін агрономдар, бағбандар, биологтар, ғалымдар, сәулетшілер, гидротехниктер, экономистер жұмылған жұдырықтай үлес қосуда. Нәтижесі де жаман емес. Күл-қоқысқа толып, қараусыз қалған шатқалдарға көшет отырғызылып, қаламыздың гүлденуіне үлес қосты. Саябақтардың саны артып, ондағы тал дарақтар көбейді. Шымшаһардағы үлкенді-кішілі өзендерді бойынан гүлзарлар салынып, жүзімдіктер мен түрлі жеміс баулары бар көшелердің бойы көріктендірілді. Алдағы уақытта көктемнің бір күнін жылға азық қылатын жауапты мамандар қала тазалығына толайым үлес қосып, көгалдандыру жұмыстарын жандандыра түспек.

900 қаралым