Жарияланды: 07.07.2018

Шикізат шетелден тасымалданбайды

Түркістан облысындағы «Еврокристалл» серіктестігі шыны ыдыстар шығарумен тек облысымызға ғана емес, алыс та жақын шетелдерге де танымал.  Ондағы өндірілетін өнімдерді алкогольдік және газдалған сусындар мен шырындар, сүт пен дәрі-дәрмектер шығаратын зауыттар қолдануға мүдделі. Мұнда түрлі қалыпта – 200 мл-ден 3 литрге дейінгі түссіз және жасыл түсті бөтелкелер мен құтылар әзірленеді. Әйнектерді өндіру жұмысында еліміздің жер қойнауынан алынатын кварц құмдары мен дала шпаты, доломит, әктас, бор, микрокальцит сынды шикізаттар қолданылады. Өндіріске қажетті басқа шикізаттарды зауыт басшылығы шетелден алдырады. Осынау өнімдерге Қазақстанның барлық аймағы мен Қырғызстаннан тапсырыстар келіп түсуде. Аталмыш серіктестік 2014 жылы «Оңтүстік» индустриалды аймағынан ашылған болатын. Шыны ыдыстар шығарушы зауыт сол кездері бірінші  кезеңі жұмысын бастаған болатын. Аталған кезеңде жылына 70 млн бөтелке шыны ыдыстарын өндіруге қауқарлы зауыттың 2016 жылы өндірістің ІІ кезеңі іске қосылып, бір жылдағы жалпы қуаттылық 200 млн бөтелкеге шықты. Шыны ыдыстар өндіретін зауытта әлемнің жетекші өндірушілерінің (Хайе, Германия; Санжин-Эмхарт, Қытай-Швейцария) заманауи құрылғылары орнатылған. Олардың ерекшелігі сол, бақылаушы мәшинелер өндірілген өнімдерді мұқият тексеріп, қираған әйнектер мен ақауы бар ыдыстарды анықтап, өндіріске кері қайтарады. Сонымен бірге, онда шыны өнімдерді қабылдау мен жою процестері автоматтандырылған.  Оңтүстікте шыны ыдыстарын шығаратын «Еврокристалл» зауыты арнайы итальяндық құрылғыларды сатып алуды жоспарлап отыр. Зауыт қожайынының мәліметінше, көмірқышқыл газын сусындарды газдау үшін пайдалану көзделіп отыр. Бұл туралы Түркістан облысы  әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

1 104 қаралым