Шымкент қаласына Ордабасы, Сайрам, Төлеби аудандарынан бірқатар елді мекендер қосылып, қала аумағының ұлғайғанына да біраз уақыт өтті. Қала халқының көбейгенінен бөлек тарихи-мəдени мұра ескерткіштерінің де қатары көбейді. Әсіресе сансыз бабтар мекені Сайрамдағы бірқатар көне тарихи ескерткіштер қала аумағына қарайды. Сайрам ауылының Ақсу жолының оң жағасында орын тепкен Ибраһим ата мен сəулет өнері ескерткіші – Қарашаш ана кесенелері қала аумағына өтті. Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін Сайрам мекені расында көнеден келе жатқан ескерткіштерге бай. Сайрам шаһарының әр қуысының тарихы бар екені рас. Оған жыл сайын қасиетті мекеннің әр тарабынан табылатын түрлі жәдігерлер куә. Қала құрамына қосылған тарихи ескерткіштер қатарында Абдель- Азиз баб, Қожа Талих, Мірəлі баб кесенелері мен Сайрам қалашығы да бар. Қалалық мәдениет басқармасының тарихи-мəдени мұраны қорғау, қалпына келтіру жəне пайдалану жөніндегі орталықтың бөлім меңгерушісі Ж.Құрбановтың айтуынша, қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша тарихи-мəдени мұра ескерткіштерінің саны нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Əзірге 6 сəулеттік ескерткіш пен жергілікті маңызы бар 2 ескерткіш енді қала аумағына өтті. Бұдан басқа 7 ескерткіш алдын ала есепке алу тізіміне алынды. Шымкент қаласының аумағындағы мемлекеттік тізімге енгізілген сəулеттік ескерткіштерге басқарма тарапынан олардың сақталуын қамтамасыз ету, өзгеріске ұшырамауын бақылау, айналасының таза болуын қадағалау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп отырады», – дейді.
Жарияланды: 05.04.2020