Қожа Салық кесенесі – Шымкент қаласына қарасты Сайрам тұрғын үй алабында орналасқан көне ескерткіш. Ғимараттың екі қанаты мен бір күмбезі бар. Биіктігі 7,7 метр, кесененің іргетасымен есептегенде биіктігі – 5,75 метр, күмбезі биіктігі – 3,0 метр. XVIII ғасырда күйдірілген кірпіштен соғылған кесененің бояу, бедерлері түсіп, біраз күңгірт тартқан, келбеті солған болатын. Кейіннен генерал Ержан Исақұловтың демеушілігімен кесене күрделі жөндеуден өтті. Ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Бүгінде кесене аумағы абаттандырылған. Тазалыққа жауапты мекеме айналасын сыпырып, ұдайы тазалық шараларын жүргізіп тұрады. Қариялардың айтуынша және «Рисалай Сайрам-Исфиджап» кітабындағы жазуға сәйкес, Қожа Салық – Әзірет Қыдыр ғалайки-саламның әкесі екен. Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген. Ол кісі өз заманында оқымысты ғұлама болған, жалғыз жаратқанға құлшылық еткен әрі танымал билеуші болған. Оның билігі тұсында ел көркейіп, қала гүлденсе, адамдар білім алып, ғылыммен шұғылдануға мүмкіндік алған деседі. Әйелі – Бибі Ғияс ана екен.
weekend.bugin.kz