Сайрам соғысының сардарлары, қазақ тағдырына өлшеусіз еңбек сіңірген әкелі-балалы батырлардың ерлігін халық есінде мәңгілік сақтау мақсатындағы Ақтөбе облысы халқының бастамасын, Шымкент қаласының тұрғыны, тоқсан жастағы Құдайберген Оңғаров бастаған, Иманәлі Байдаулетов пен Бекет Тұрғараев қоштаған бір топ зиялы қауымның ұсынысын жергілікті әкім мақұлдап, мүсінші Әбдікәрім Ахметов сомдаған әкелі-балалы батырлардың ескерткіші Шымкенттегі ең көрікті жерлердің бірі Қажымұқан атындағы орталық стадионның жанынан орнатылған болатын.
Қос тұлпарға мінгеннің бірі Тілеу батырдың қолында күнге шағылысқан көк сүңгі болса, баласы Жолдаяқтың қолындағы опыра сілтейтін ауыр гүрзісі мен ауыздығымен алысқан тұлпарының өзі жауға қарсы сес көрсетіп, қазіргі ұрпақтарын елдік намысқа шақырып тұрғандай. Бұл мыспен бейнелеп өрілген қос батырдың ескерткіші сонау батыстан оңтүстікке мың сан қол бастап келген қос батырға ғана емес, төрт жыл бойы жоңғар жаушыларымен алысып, опат болған Сайрам халқына, жерінің тұтастығы мен халқының бірлігі жолында шейіт болған он бір мың сарбазға да орнатылған ескерткіш деп білеміз. Бүгінде ескерткіш орнатылған аумақ гүлзар баққа айналған. Қаланың коммуналшылары ескерткіштің айналасына ағаш, гүлдер егіп, күтіп баптауда. Ескерткіш белгіленген уақытта жуылып, тазаланып тұрады.