Жарияланды: 07.04.2020

Отандық шикізатты пайдаланып, отандық өнім өндіреді

«AZALA Textile» комбинатының иіру, тоқыма, бояу-әрлеу, тігін цехтары бүгінде қарқынды жұмыс істеуде. Жыл жылжыған сайын өндіріс қуаты артып келеді.  «AZALA Textile» – еліміздегі тоқыма өндірісінің көшбасшыларының бірі. Серіктестік сырттан шикізат сатып алмай, өз өнімі өзін толық қамтамасыз етуге жетеді. Мақта зауыты мен жіп, мата дайындау цехы толық қуаттылықпен жұмыс істеуде. Тоқыма фабрикасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Компания жеңіл тоқыма өнімдерін өндіреді, көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажет бұйымдар шығарады. Айына 500 тонна мақтаны өңдейтін фабрикада 1,5 миллион метр мата тоқылады. Өз өнімдерін республикамыздан бөлек алыс-жақын шетелдерге де экспорттайды. Мұнда қолданылатын шикізат отандық, яғни Оңтүстік өңіріндегі Мырзакенттен жеткізіледі. Онда 700-ден астам жұмысшы еңбек етуде. Осылайша әлеуметтік-экономикалық дамуға да өз үлестерін қосып отыр. Сонымен қатар, еліміздегі тігін цехтарынан медициналық бетперде жасауға қазір фабриканың сапалы маталарына, бөздеріне сұраныс артқан. Атап айтқанда, Шымкентпен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларынан тапсырыс қабылдауда.

 

1 196 қаралым