Бүгінде Шымкентте төтенше жағдайға қарамастан қаладағы коммуналшылар қызметін тоқтатпады. Қаланы тазалау, көгалдандыру, жасыл желектің күтімі, әсем гүлдерді отырғызуды жалғастыруда. Қаладағы әсем гүлзарлардағы, саябақтардағы жайқалған гүлдер мен жасыл желек көздің жауын алады. Әсіресе қызылды-жасылды жауқазындар демалыс орнына ерекше сұлулық беріп тұр, деп хабарлайды «Отырар.кз». Айнұр Қалымбетова, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жұмысшысы: «Қауырт жағдайға қарамастан біз жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз, қаланы көріктендіріп жатырмыз. Қала тазалығы да мойнымызда. Бүгін күн райы бұзылып, жаңбыр себелеп тұр. Гүл көшеттерін ертерек егіп аяқтауымыз керек». Қала тұрғындары өз кезегінде төтенше жағдай кезінде қызметін атқарып жүргендерге алғыстары шексіз. Қалаға көрік берген жауқазындар кілем іспеттес. Түрлі пішінде қырқылған ағаштар мен бұталар демалыс аумағына ғажап сән беріп тұр.