Жарияланды: 08.07.2018

Студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді

KARLSKRONA зауытына бас сұққан адам мұндағы темірдей тәртіп пен асқан жауапкершілікпен атқарылатын өндірістік процеске куә болар еді. Расы осы. Айналаның мұнтаздай тазалығы да, гүлге көмкерілген аула да ең алдымен назарға ілігеді. Жұмысшылардың бар ынтасымен атқарған еңбегінің нәтижесі бұрышта жап-жаңа тауар таудай болып үйіліп жатыр. Автоматтандырылған жүйенің өзінде адам еңбегін қажет ететіні сөзсіз. Оңайлатылған жүйемен жұмыс істеуді жетік меңгерген мамандар өз ісінің хас шеберлері. Есте ұстайтын ерекше жағдай кәсіпорын М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Механика және машина жасау» кафедрасымен тығыз байланыс орнатқан. Аталмыш оқу орнының осында ғылыми тәжірибелік базасы орналасқан. Бірлесе жұмыс жасайды. Студенттер осында өндірістік тәжірибеден өтеді. Осы оқу орнын бітірген біраз жас мамандар бүгінде өндіріс орнында жемісті еңбек етуде. Әділбек Сәдібеков, гидравликалық сорғы құрылғысының операторы: «Өндірген өнімдеріміздің сапасы өте жоғары болғандықтан еліміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі «Қазатомпром» біздің шығарған өнімдерімізді тұтынады. Жер астына жіберілетін сорғыларымызды кен орындарына алады. Сұраныс өте жоғары. Тапсырыстар таусылмайды. Жылдың қай мезгілі болса да алдын ала тапсырыс беретіндер көп. Өзім М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің түлегімін. Дипломымды қолға ала сала осы кәсіпорынға жұмысқа шақырды. Қуаныштымын, өйткені бүгінде осында алған білімімді еңбекпен ұштастырып жүрмін».

 

 

963 қаралым