Бүгінде Шымкентте құрылыс қазаны қайнап жатыр. Қоныс тойын тойлайтындардың қатары арта түсуде. Былтыр жастар жылында біршама игілікті іс бастауын алған болатын. 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген үйлер иелерін таба бастады. Бесқабатты әсем тұрғын үйге жастар қоныстана бастады.
40 пәтерлі көпқабатты үйдің 20-сы бір бөлмелі пәтерлер болса, қалғаны екі бөлмелі. Жалдамалы пәтер бес жылға беріледі. Осы мерзімде жастар өз баспаналарына қаржы жинайды. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес, тұрғын үйдің бірінші қабатында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қол арбамен көтерілуіне жағдай жасалған. Арнайы көтеріп, түсіретін құрылғы орналастырылған. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көп көмек болғалы тұр. Заманауи стильде салынған үй сыңғырап тұр. Баспана қаладағы Абай ауданына қарасты 1-Мамыр көшесінде бой көтерген
«Жас отбасылары келіп тұрып жатыр. Электр жарығы бар. Газды барлық тұрғындар қоныстанғанда қосады. Су беріледі»,- дейді мердігер мекеменің өкілі Еркебұлан Оңғарбай.