Жарияланды: 08.07.2018

Өндіріс қарқынын үдетіп отыр

Түркістан облысындағы индустриалды аймақта орналасқан еліміздегі жалғыз керамогранит тақтайшасын шығаратын зауыт — «ЗЕРДЕ-Керамика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде өндіріс қарқынын үдетіп отыр. Өндіріс қуаттылығын арттыру мақсатында іске қосылған екінші желінің арқасында бүгінде жұмыс орындары ашылып, сатылым көбеюде. Бүгінгі таңда жаңа желі бойынша сандық машинаның көмегімен кең ауқымды, түрлі-түсті жылтырлатылған керамограниттер шығарылмақ. Бастапқыда «MK-Ceramics» сауда маркасымен өнімдерін шығарып,  еліміздің ішкі сұранысын толық қамтыған өндіріс орны өнімінің 20 пайызын Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекеттеріне экспорттайды. Жылдық қуаттылығы 2 миллион шаршы метрлі, көлемі 300х300 мм, 400х400 мм, 600х600 мм. және 600х300 мм. болатын керамогранит тақтайшасын шығаратын зауыт қазіргі таңда толық өндірістік қуатында жұмыс істеп, 175 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде аталған «ЗЕРДЕ-Керамика» зауытының өнімдерін кезінде «ЭКСПО» көрмесінің құрылыс жұмыстарына да пайдаланылған болатын. Ал республика бойынша Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Тараз, Ақтөбе, Өскемен, Қостанай, Семей, Қызылорда, Орал және Атырау сынды ірі қалаларда 40-тан астам дилерлері бар.

1 028 қаралым