Жарияланды: 17.04.2020

Құрылыс үш жылға жоспарланған

Шымкентте салынып жатқан автоматты газ реттегіш стансасының үшінші автоматты газ реттегіш стансасынан екі бағытта құбыр желісі тартылады. Батыс құбыр желісінің ұзындығы 22 шақырым.  Оның 16 шақырымы біткен. Шығыс бөлігі бойынша 16 шақырымның 12 шақырымы тартылған.  №3 автоматты газ-реттегіш стансасы іске қосылған жағдайда сағатына 250 мың текше метр газ тарата алады. «Құбырлар жерде бір біріне жалғанып сығымдау жұмыстары жүргізіліп болған соң барып жерге көміледі. Дәнекерленіп жалғанған жерлері арнайы су өткізбейтін және шірімейтін материалдармен қапталады. Құбырдың өзі 50 жылға жарамды», дейді «StoryGaz Company» ЖШС өкілі Сұлтан Қалиақпаров.  Жобаның жалпы құны 9 миллиард теңгеден асады. Құрылыс негізі үш жылға жоспарланған екен. Мердігер компания нысанды биыл күзде ел игілігне беруді  межелеп отыр.  Шымкент қаласы бойынша 81 шағынаудан мен тұрғын алап бар. Бүгінде оның 92%-ы «көгілдір отымен» қамтылған. Қалаға кейіннен қосылған 9 шағынаудан мен тұрғын алапқа газ тарту бойынша қажетті сметалық құжаттар дайындалып,  құбыр тарту жұмыстары жүргізілуде.  «Станса құрылысы аяқталса, қаладағы шағынаудандар мен  жүздеген өндіріс орындары да отандық көгілдір отынмен қамтылады», дейді қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаманкөз. Шымкенттегі  №3 автоматты газ-реттегіш стансасының жұмысымен танысып шыққан қала әкімі Мұрат Әйтенов төтенше жағдай кезінде жұмысшылардың қауіпсіздігін  ескеруді жауаптыларға жүктеді.

 

Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы

901 қаралым