Жарияланды: 08.07.2018

Инновацияны өндіріске ендіру жайы талқыланды

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де  «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының жобалар үйлестірушісі Б.А.Ратов университет ғалымдарымен кездесті. Кездесу мақсаты — «ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті» мемлекеттік мекемесі атынан, Оператор – «Ғылым Қоры» АҚ ұйымдастыратын, 2018 жылға ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру туралы конкурстың ережесін түсіндіру. Ғылым және инновациялық істер жөніндегі проректор, профессор Т.П.Раимбердиев жиын маңыздылығын айтып, университет ғалымдарының іргелі жобаларын алға тартты. Конкурстық құжаттаманы түсіндіру және өтінімді беру туралы сұрақтар бойынша кеңес беруші Оператор өкілі Бақытжан Алибекұлы конкурстық құжаттаманың жалпы ережелері туралы айтты: Коммерцияландыру жобаларын іске асыру үшін экономиканың басым 44 секторының (тақырыптардың) атауы; Жобаны іске асыру шарттары; Грант қаражаты есебінен қаржыландыруға жатпайтын шығындардың баптары; Жобаны жүзеге асыру кезінде туындайтын салық міндеттемелері және басқа да бюджетке төленетін төлемдер, т.б., туралы жан-жақты мәлімет берді. Сондай-ақ, Шымкент медицина институтының директоры У.А.Жұмабаев, оқытушы-профессорлар Р.С.Найманбаева, А.Т.Тюлебаева, Б.Т.Дуйсембаева дайындаған ғылыми жобасы бойынша ШМИ Үздіксіз білім беру бөлімінің басшысы Т.Н.Орманов презентация жасады. Дәрілік сығындылармен үйлескен қышқылды сүт биоөнімі «Иннулакт-Фито» биопрепаратының 2 типті қантты диабетпен ауыратын науқастардың эндокриндік жүйесіне оң әсер ететіндігі жайында, өндіріске ендіру туралы баяндады. Инновациялық жаңалықтың тиімді тұстары көп. Сонымен қатар, Ботаникалық бақ директоры, биология ғ.д., Қ.Б.Байжігітов экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында, шөлейт жерлердің көркін ашатын, жерсіндірілген өсімдіктердің бейімделу тиімділігіне орай, көгалдандыру мәселесін қолға алу керектігін баса айтты.

 

1 169 қаралым