Жарияланды: 08.07.2018

Инновациялық жем-шөп

Мал бағып, егін салған шаруа ауа райын қоса бағатыны рас. Биыл қуаңшылық белең алып, дихан қауымды алаңдатып отырған рас. Дегенмен де инновациялық тың тәсілдер барда алаңдауға негіз жоқ деуге де болады. Осы ретте, соңғы жылдары ел арасында аты жиі аталып жүрген «гидропоника» әдісін айтуға болады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. «Қазагрогрин» кәсіпорны фермерлерді мал азығымен қамтамасыз етудің инновациялық тәсілімен жұмыс істеп келеді. Инновациялық тәсіл бойынша арпа 1 апта ішінде өсіріледі. Гидропонды мал азығының құрамында жануарларға арналған дәрумендер мен пайдалы заттар бар.  Кәсіпорын 0,5 және 1, 2 тонналық гидропоникалық қондырғыны өндіріп келсе, биыл жылына 1460 тонна шамасында жем-шөп шығаруға қауқарлы 4 тонналық жаңа қондырғыны іске қосты. Осы уақыт ішінде кәсіпорын өз қондырғыларын облыстағы төрт ірі шаруа қожалыққа орнатқан. Ал бүгінде төрт тонналық жаңа қондырғыны «Атамекен» шаруа қожалығына орнатуда. Шаруа қожалықтар құны 29 және 72 млн теңге болатын қондырғыға «Оңтүстік» АИО-ның қаржыландыруы арқылы  қол жеткізіп отыр. Жаңа технологияның арқасында жер жыртып, мал азығы аз деп алаңдамайсыз. Еңбек күшін де талап етпейді. Гидропоника әдісі арқылы күніне 2 тонна өнім өндіруге болады. Ал, жылына шамамен 1500 тонна жем-шөп жинауға мүмкіндік бар. Кәсіпорынның гидропоника әдісі арқылы дайындалған өнімдер арпа дақылының құнарлығымен пара-пар. Жасыл жемді пайдаланған шаруа ветеринарлық ауруларды  да біржолата ұмытады,-дейді ол. Осылайша, шаруалар төрт түлігіне қаржы үнемдеп, таза, әрі құнарлы жеммен азықтандыра алады.

1 099 қаралым