Жарияланды: 21.04.2020

Әлеуметтік көмекке қатысты онлайн-брифинг өтті

Бүгін ақпараттық-коммуникация орталығында төтенше жағдай кезінде коммуналды қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу, карантин уақытында тұрғын үйге онлайн құжат рәсімдеу, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек пен 42 500 теңге әлеуметтік көмек алу бойынша онлайн-брифинг өтті. Брифинг барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек карантинге байланысты халықтың жекелеген санаттарының коммуналды шығыны үшін берілетін 15 мың теңгеге қатысты қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. «Президент төтенше жағдай мен карантин уақытында тұрғындардың коммуналды қызметке төлейтін ақысының мөлшерін азайту бойынша жүйелі шараларды әзірлеуді тапсырды. Өтемақыны алатындардың қатарында мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы жанұялар, соғыс ардагерлері, жалғызбасты зейнеткерлер мен т.б осындай санаттағы азаматтар бар. Ол санаттар бойынша қалада жалпы 100 308 адам үміткер. Нақты абоненттік шоты бар адамдардың саны қазір анықталуда. Өтінімдерді қабылдау бойынша communal-komek.kz электрондық порталы құрылды, онда көмек алу шарттары көрсетілген. Көмек көрсету сәуір және мамыр айларын қамтиды», — деді қала әкімінің орынбасары. Сондай-ақ брифингте қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов еліміздегі төтенше жағдайға байланысты азаматтардың тұрғын үй кезегіне egov.kz порталы арқылы тіркелу мүміндігі бар екенін, қосымша ақпарат алу үшін 56-62-89 нөміріне хабарласу керегін айтты. Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының м.а. Жанат Өтебаева қазіргі дейін қала бойынша 228 223 азаматқа 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол атаулы әлеуметтік көмек бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, құжаттарды онлайн түрінде рәсімдеу тәртібін түсіндірді.

 

Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы

767 қаралым