Бүгінде Шымкент қаласы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтала бастады. Қалада инфекциялық дертке шалдыққан науқастарды емдеу мақсатында елімізде алғаш рет 51 күндізгі стационар және барлық медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған 3008 провизорлы төсек-орын ашылды. Нәтижесінде, науқастарға көмек көрсету екі есеге күшейді. Бұл емдік жұмыстардың ретке келуі Шымкент қаласы әкімі М.Әйтеновтің тікелей тапсырмасымен жүзеге асты.
Қазіргі таңда қала стационарларында 1750 науқас ем қабылдауда. Оның 343-і инфекциялық ауруханаларында, 1407-сі провизорлы орындарда емделуде. Ал 447 (жұқпалы ауруларға – 123, провизорлы орындарға – 324) бос орын бар. Сондай-ақ, алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарының базасындағы күндізгі стационарларда 628 төсек-орын қарастырылған. Олардың 315-інде науқастар ем алуда. Айта кету қажет, қалада жағдай қалыпқа келсе де, резервтік провизорлы орындар дайындалуда. Кеше жеңіл атлетикалық спорт кешенінен 150 орын дайындалды, бұл орындар 1 шілде күні жалпы 450-ге жетеді деп жоспарлануда. Медициналық қызметтердің сапасын арттыру мен қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан шаруалар ауқымды.
Дәрі-дәрмек бойынша айтар болсақ, «ХимФарм» кәсіпорны және «Зерде-Фито» фармацевтикалық компаниясы қаладағы дәріханаларға жеткілікті мөлшерде дәрі-дәрмек жеткізуде. Яғни, медициналық мекемелермен медициналық көмекті өз уақытында көрсетуді қамтамасыз ету үшін Бірыңғай дистрибьютор арқылы 207,1 млн теңгеге қосымша дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдарға тапсырма берілген. Бүгінде оның 76,8 млн теңгесіне тауар жеткізілген.
Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті дәріханалардағы 77 дәрінің түріне мониторинг жасады. Нәтижесінде, қаладағы дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екені анықталды. Ширатып айтсақ, ыстықты түсіретін дәрілердің (парацетамол, эффералган, панадол, нурофен, ибупрофен, нимесулид) қоры 238 486 қорапты құраған. Оның ішінде дәріхана қоймаларында – 115 389 қорап, дәріханаларда 123 097 қорап бар.
Ал вирусқа қарсы дәрілердің (ингавирин, эргоферон, кагоцел, арпефлю) қоры 38 187 және антибиотиктердің саны (азитромицин, цефтриаксон, цефиксим, амоксициллин, левофлоксацин) 592 899 қорапты құрап отыр.
Айта кетейік, Шымкент қаласында халықтың денсаулығын нығайту мақсатында күндізгі стационар қызметкерлері демалыссыз қызмет көрсетуде. Ал барлық ауруханалар мен емханаларға дәрі-дәрмек үзіліссіз жеткізілуде.
Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы