Күбі жасайтын шебер…

Бүгінде ер тұрман, астау, күбі жасайтын шеберлер ел ішінде саусақпен санарлықтай ғана. Әрі олардың қолынан шыққан дүниені базардан табу да мүмкін емес. Мың түрлі ұсақ-түйек сатылатын базардың өзінде ара-тұра табыла қалған жағдайдың өзінде хас шебердің қолынан шыққан дүние емес, арзанқол қытай тауарындай сапасыз болып шығады. Мал шаруашылығымен айналысатын ауыл халқы үшін күбі таптырмайтын дүние. Ағарғаннан сары майды айырып алу үшін аса қажетті күбі дүкеннен сатып ала салатын, әрі оңай табыла кететіндей емес, қат дүние. Оны шеберге ғана жасату қажет… Ағайынға сауын айтып жүріп күбі жасайтын шебер іздегенбіз. Хабар айтқан жандардан ұзақ күтуге тура келді. Бүгінде ел ішінде ағаштан ою ойып, темірден түйін түйетін хас шеберлердің тым азайып бара жатқанына расымен де көз жеткізгендей болдық. Ақыры Төле би ауданына қарасты Алатау ауылында тұратын Нұрғали Үсіповпен жолығудың сәті түсті. Төле би ауданына қарасты ауылдардың басым бөлігі тау жағалай қоныстанған, негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Басты кәсіптері егін салып, мал бағу. Әсіресе бие байлап қымызын сату ауылдағы ағайынның негізгі кіріс көзі де, табыстың өзі де. Мұнда еліміздің түкпір-түкіпірінен саумал ішуге арнайы келетіндер көп. Таудың дәрілік шөптерімен қоректенетін биенің саумалы расында бал татиды. Ал сиыр сүтін айранға айналдырып, одан май айыру да негізгі кәсіпшіліктің бірі. Осы қымыз пісу үшін де, май түсіру үшін де не керек? Әрине, күбі. Мұндағылар үшін күбісіз күн жоқ. Қымыздың бабына келіп ашуы да, майдың тез түсуі де күбіге байланысты. Тау жағалай қоныстанған ауылдағы ағайын күбі жасату үшін шеберге күні түсулі. Алыстан ат терлетіп арнайы келіп, хас шебердің қолынан шыққан дүниені аттай қалап алып кетеді. Тіпті жуырда ғана көрмеге қою үшін Астанадан арнайы келіп, жасатып алып кетіпті. Тапсырыстың толастаған кезі жоқ. Ал бұл жөнінде алтын қолды шебер Нұрғали Үсіповтың өзі былай дейді: «Негізінде күбіні арша ағашынан жасаған дұрыс. Ол берік, арасы қаңсымай ұзақ уақытқа жарайды. Кейде күбіге қажетті ондай ағаштар табыла бермейді. Сондықтан да жақсы кепкен қарағай, қарағаш, емен ағаштарынан да жасай беремін. Ағашты сыртынан құрсап тұратын темірі де тот баспайтын болуы керек. Бағасы да аса қымбат емес, 15-25 мың теңге. Тапсырыс берушілердің көңілі қалған кезі жоқ. Қашанда бар ықыласыммен, жақсылап жасап беруге тырысамын. Сондықтан да болар алғыс айтушылар көп. Көбіне тапсырыс мал төлдеген кез яғни, көктем, жаз айларында көптеу болады. Қыс айларына қарай толастайды. Жаз бойы күбі пісіп, май түсірген ағайын суық мезгілдерде күбіні қора жайларға тастай салады. Қатты суық ағаштың жидіп, қаңсуына соқтырады. Сондықтан да күбі алғандарға оны қалай сақтау қажеттігін қоса түсіндіремін. Көктемде күбіні пайдаланар алдында суға салып, әбден ісінтіп, бабына келтіріп алу керек. Қымыз пісетіндер үшін киікотымен ыстап алса тіптен жақсы. Ол қымыздың иісі бұрқырап әдемі бапталуына тигізер септігі мол». Хас шебер тек күбі ғана жасап қоймай еден салып, есік-терезе де жасайды. Тұлпар тағалаған текті қазақтың бүгінгі жалғасы хас шебердің қолынан шыққан бұ дүниелер ғана емес. Ағаштан жасалатын барлық кәсіп келеді қолынан. Он саусағы фабрика десе де болғандай.

336 қаралым

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*